Жас жұбайларға бата / Казахские традиции / Благославения, пожелания — Баталар
rus / eng / kaz


Вы можете добавить свою пословицу. После модерации она попадет в нашу базу пословиц.









Казахские традиции / Благославения, пожелания — Баталар

Назад

Жас жұбайларға бата

Жас келіннің батасы,
Жастардың көп қатасы.
Жек көрмейді баласы,
Анасы мен атасы,
Балалар, көтер қолыңды,
Қайырлы құтты жолыңды,
Ием берсін мал мен бас.
Толтырсын оң мен солыңды.
Мен берейін батамды,
Кішіпейіл болып, келінжан,
Сыйла енең мен атаңды.

Кекшіл болма қарағым
Кешірер әркім қатаңды.
Бола берсін ойын-той,
Қызықтап тойлау – құрмет қой.
Ақыл, естен айырылмай,
Жастарым, еске алып қой,
Қайырлы болсын тойыңыз,
Құдалар кеуде соқтырып,
Құйрық, бауырға тойыңыз.
Әумин.


***

Жас келіннің қонған жері,
Құтты қоныс тұғыр болсын.
Біреуі шал біреуі кемпір –
Қос ағарған ғұмыр болсын!
Балапанмен, балақанмен
Бесік іші жыбыр болсын!
Құлан-тайдың асырымен
Оттың басы дүбір болсын.
Сүйіспендік махаббатпен
Тәтті күлкі, сыбыр болсын.
Кәрі күліп бала бағып.
Мол қызықтан ығыр болсын.
Кәрілерге мейірімді келіндерде
әдеп болсын.
Ата күту, ана бағу –
Ата жолы әдет болсын!
Әумин.


***

Қуаныш қайырлы болсын,
Жастар абыройлы болсын,
Уайымдары жоқ болсын,
Көңілдері тоқ болсын,
Адал еңбек арқасында,
Табыстары көп болсын,
Алақандары ашық болсын,
Өмірге машық болсын!
Күйбен қағып кейін қалмай,
Жаңалыққа ғашық болсын,
Ұрпақтары ер болсын,
Кемеңгерлерімен тең болсын.
Оларды көре алмағандардың:
Бедел-берекеті кем болсын!
Әумин.


***

Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы от бастарыңа
Сәбидің шатты үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
Шаршап-шалдыққандар
Төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кеселден сақтасын,
Күңкіл өсектен сақтасын,
Дау-жанжалдан сақтасын,
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
Елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып-тасқаннан сақтасын,
Отауларың елге сән болсын,
Өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
Аруағы өздеріңе жар болсын!
Әумин.

***

Келінің баянды болсын,
Үлкендерді сыйлайтын аяулы болсын!
Жылы жүзді болсын!
Жұмақ сөзді болсын!
Келінің бақытты болсын,
Ел қыдырса сыпайы жүрсін.
Күлсе сыпайы күлсін,
Ашпын деп жалаңдамасын.
Өз байымнан анау тәуір екен деп,
Шаш қайырғанға алаңдамасын.
Алдымен еріне жақсын.
Қолға қонған қырғидай
Атасы мен анасына жақсын.
Әумин.
2907